ҮЛКЕН КҮНӘ ЖАСАҒАН АДАМНЫҢ ДІНИ ЖАҒДАЙЫ ҚАНДАЙ?

     Имам Матуриди Әбу Ханифадан алып, дамытқан маңызды тақырыптардың бірі – үлкен күнә мәселесіне қатысты шешім. Исламның алғашқы дәуірінде болған ішкі даулар мен фитна (қақтығыстар) нәтижесінде әртүрлі пікірлер мен түсініктер пайда болды. Оқиғалардың қарқынды және жойқын әсері мұсылмандардың кейбір топтарын өте қатал әрі шектен тыс ұстанымдарға итермеледі. Олар күнә жасаған мұсылмандарды діннен шыққан кәпір немесе мүртәд (Исламнан кеткен адам) деп жариялап, олардың өмірі мен мүлкін заңсыз санады. Өздерінде адамдарды мұсылман немесе кәпір деп бағалау және соттау құқығы бар деп есептеген бұл топтардың ұстанымы «такфир» деп аталды. Такфир мұсылман қоғамын іштен бүлдіретін, сенім мен бірлікті жоятын және ауыр зардаптарға әкелетін діни дерт болып табылады. Әбу Ханифа осы дерттің зиянын бірінші байқап, оған қарсы шешім ұсынған ғалымдардың бірі болды. Оның шешімі кейін Имам Матуриди тарапынан қайта қаралып, дамытылды.

     Имам Матуридиға қарағанда, бір мұсылман үлкен күнә істегені үшін діннен немесе иманнан шыққан деп айыпталмайды. Керісінше, ол істеген күнәға қарамастан шынайы мұсылман болып есептеледі. Бірақ істеген күнәсі үшін пасық, яғни күнәһар және әдепсіз адам жағдайына түседі. Құранда «пасық» ұғымы жалпы мағынада мүмин және мұсылман ұғымдарына қарама-қарсы қолданылған. Кейбір топтар бұл ұғымды діннен шыққан кәпір деген мағынада пайдаланған. Ал Матуридилер «пасық» ұғымын кәпір мағынасынан алыстатып, күнәһар мүмін мағынасына айналдырған. Күнәһар, мүмін, күнәсі үшін кәпірге айналмағанымен, Алланың жазалау қаупі алдында тұрады. Мұндай адамның Қияметтегі жағдайы Алланың қалауына байланысты: Ол оны күнәсін кешіруі де, азаптауы да мүмкін. Бұл анықтама адамдарға үміт пен қорқыныш арасында теңгерімді дін ұсынады. Адамдар күнәларынан үмітсіздікке беріле қарап, қорқынышта өмір сүруі керек емес. Сол сияқты, не істесе де иманның арқасында кешіріледі деп өзін еркін ұстап, салқынқандылық танытуы да дұрыс емес. Адам барынша иманы талап ететін ізгі мінез-құлық пен ғибадаттарды орындауға тырысуы қажет.

     Әбу Ханифа мен Мәтуриди көзқарастары негізінде құрастырылған мәтіндерді қарастырғанда, олардың иман-амал және үлкен күнә мәселелерін адамның жеке психологиясы мен әлеуметтік ортасымен байланысты контексте қарастырғаны байқалады. Бұл көзқарас діннің тек өсиеттері мен тыйымдарына ғана емес, адамның ішкі дүниесіне және сыртқы шындықтарға да жанашырлықпен қарайтын әділ түсінік болып табылады. Адам — қателікке, кемшілікке және күнәға бейім тіршілік иесі. Ол өмірінде түрлі қиындықтар мен өзгерістерді бастан кешіреді. Кейде өзінің мінез-құлқын білдірмейтін әрекеттерді де жасай алады.

     Сондықтан адамның бір әрекетіне қарап, оның бүкіл тұлғасы мен құндылығы туралы біржақты пікір айту әділетсіз әрі біржақты болар еді. Әсіресе діндік және моральдық өмірінде адамның әрдайым дұрыс және қалаған жолда бола бермейтіні, кейде шегінен шығуы да шындық. Адамға қателігін түзеуге мүмкіндік беру, өзін жақсарту жолдарын ұсыну — ең дұрыс тәсіл. Осы тұрғыдан қарағанда, Ханафи-Мәтуриди дәстүріндегі иман мен амал арасындағы байланысты түсіндіретін теория діннің рухына ғана емес, адамның шынайылығына да сай келеді.

Мехмет Евкуран
«IHSAN» Ғылым және мәдениет
орталығы «Имам Матуриди сенімнің сәулесі» кітабынан