СИРИЯДАҒЫ ӨЗГЕРІСТЕР ЖӘНЕ «ВИЛАЯТ ХОРАСАН»: радикалды ұйымдардың жаңа тактикасы

Соңғы он бес жылда Таяу Шығыста орын алған саяси тұрақсыздық көптеген радикалды ұйымдардың пайда болуына және күшеюіне жағдай жасады. Сириядағы азаматтық соғыс, Ирактағы қауіпсіздік дағдарысы және мемлекеттік институттардың әлсіреуі террористік ұйымдарға жаңа мүмкіндіктер ашты. Осы жағдайды өз мүддесіне пайдаланған ең қауіпті құрылымдардың бірі ДАИШ болды. Бір кездері өзін «халифат» деп жариялап, үлкен аумақтарды бақылауға алған бұл ұйым әскери тұрғыдан жеңіліске ұшырағанымен, оның идеологиясы толық жойылған жоқ. Керісінше, ұйым жаңа жағдайға бейімделіп, қызмет тәсілдерін өзгертті. Бүгінде ДАИШ бұрынғыдай ашық территория иеленуге емес, әртүрлі аймақтардағы филиалдары арқылы ықпалын сақтауға тырысуда. Солардың ішіндегі ең белсенді әрі қауіпті тармақтардың бірі – «Ислам мемлекеті – Вилаят Хорасан» ұйымы. «Вилаят Хорасан» деген кімдер?

«Вилаят Хорасан» – ДАИШ ұйымының Ауғанстан мен оған іргелес өңірлерде әрекет ететін бөлімшесі. Ұйым өз атауын тарихи «Хорасан» ұғымымен байланыстырып, оған қазіргі Ауғанстан, Пәкістан, Орталық Азия және кейбір көршілес аумақтарды енгізуге тырысады. Бұл тарихи атауды пайдалану арқылы олар жастардың санасында жалған романтикалық образ қалыптастыруды көздейді. Алайда ұйымның шынайы мақсаты – тұрақтылықты бұзу, мемлекеттер арасындағы сенімсіздікті күшейту және зорлық-зомбылық идеологиясын тарату. Оның әрекеттері ислам құндылықтарымен де, адамгершілік қағидаларымен де үйлеспейді.

Сирия мен Ирактағы әскери жеңілістерден кейін радикалды ұйымдар өз стратегиясын түбегейлі өзгертті. Егер бұрын олар ашық қарулы қақтығыстарға сүйенсе, бүгінде интернет кеңістігін негізгі құрал ретінде пайдалануда. Қазіргі кезде «Вилаят Хорасан» ұйымы: әлеуметтік желілер арқылы үгіт жүргізуге; қысқа видеолар мен эмоционалды контент таратуға; жалған діни түсіндірулер ұсынуға; жастардың наразылық көңіл-күйін пайдалануға; онлайн байланыс арқылы жақтастар жинауға; жеке радикалданған адамдарды әрекетке итермелеуге басымдық береді. Бұл олардың қауіпінің географиялық шекарамен шектелмейтінін көрсетеді. Бүгінде радикализмнің негізгі майданы интернет кеңістігіне ауысқан.

Зерттеулер көрсеткендей, экстремистік ұйымдарға қосылған адамдардың барлығы терең діни білім негізінде шешім қабылдамайды. Көп жағдайда радикалдануға: діни сауатсыздық; өмірлік қиындықтар; әлеуметтік әділетсіздік сезімі; психологиялық дағдарыс; орта ықпалы; әлеуметтік желідегі манипуляциялық контент әсер етеді. Кейбір жастар өзін қоғамнан шеттетілгендей сезінген кезде радикалды топтардың «бауырластық», «әділет орнату» немесе «ерлік жасау» туралы ұрандарына алданып қалады. Қауіпсіздік сарапшыларының пікірінше, бұрынғы содырлар мен олардың отбасы мүшелері орналасқан лагерьлер мен жабық мекемелер ерекше назар аударуды қажет етеді. Егер мұндай адамдармен психологиялық, әлеуметтік және теологиялық оңалту жұмыстары жүйелі жүргізілмесе, радикалды идеялардың қайта таралу қаупі сақталады. Сондықтан көптеген мемлекеттер дерадикализация бағдарламаларын күшейтіп, қоғамға қайта бейімдеу шараларына ерекше көңіл бөлуде.

Радикалды идеологиямен күрес тек құқық қорғау органдарының міндеті емес. Бұл – бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Оған: отбасы институтын нығайту; сапалы діни білім беру; жастардың сыни ойлау қабілетін дамыту; ұлттық мәдени құндылықтарды дәріптеу; интернеттегі жалған діни ақпараттарды дер кезінде түсіндіру; теологтар мен сарапшылардың қатысуымен сапалы контент әзірлеу жатады. Ислам діні адам өмірінің қасиеттілігін, қоғам тыныштығын, әділдік пен білімді жоғары қояды. Ал радикалды ұйымдар осы құндылықтарды бұрмалап, дінді саяси мақсаттарына пайдалануға тырысады. «Ислам мемлекеті – Вилаят Хорасан» ұйымының қазіргі қызметі көрсеткендей, бүгінгі қауіп бұрынғыдай тек соғыс алаңында емес, адамның санасы мен ақпараттық кеңістікте жүріп жатыр.

Сондықтан жастарды радикалды идеологиядан қорғау, оларды сенімді діни біліммен қамтамасыз ету және ұлттық бірлікті нығайту – стратегиялық маңызы бар міндет. Қоғамның тұрақтылығы, азаматтардың қауіпсіздігі және елдің болашағы әр адамның ақпараттық сауаттылығына, діни мәселелерге байыппен қарауына және радикалды насихатқа қарсы иммунитет қалыптастыруына байланысты.

Тимур Нүсіпханұлы
теология PhD докторанты
«IHSAN» ғылым және мәдениет
орталығының төрағасы