Кез келген қоғамда мемлекет және оның тұтастығы мен тәуелсіздігі басты құндылық саналады. Бұл ‒ ислам дінінің де негізгі ұстанымдарының бірі. Себебі ислам діні адамдарды бірлікке, ынтымаққа, мейірімді әрі жұмсақ болуға, өзге дін өкілдерімен келісімді әрі құрметпен өмір сүруге шақырып, ел ішінде топтарға бөлініп бүлік шығаруға, адами құндылықтарды жоюға түбегейлі қарсы. Өйткені қоғамда есімдерін исламға теліген, алайда жасаған іс-әрекеттері және айналасындағы қоғаммен қарым-қатынасы түбегейлі ислам құндылықтарымен сай келмейтін радикалды идеологиялық топтар белең алуда. Олардың басты белгілерінің бірі – тұрып жатқан елдің, халықтың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін дінге қайшы деп жоққа шығару, мойындамау. Олар қазақ қоғамындағы дінге қайшы келмейтін ғұрыптар мен салт-дәстүрлерге атүсті қарап, оларды саналарындағы аз ғана діни білімімен таразылап, түптеп келгенде бидғатқа, адасушылыққа, күпірлікке, Аллаға серік қосу күнәсіне балап жатады. Аталған радикалды діни топтардың бұндай қадамға баруына мынадай екі себеп түрткі болады: біріншіден, дін ілімдерінен сауатсыздық болса, екінші ‒ діннің атын жамылып, қоғамның немесе мұсылмандардың арасына іріткі салу арқылы мемлекеттің ішкі тепе-теңдігін бұзу.
Сәләф сөзі «алғашқылар, бұрынғы, әу баста келгендер» және т.б. мағынаны білдіреді. Ислам тарихындағы сәләф – «Хазіреті Пайғамбар (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дәуірінде өмір кешкен достары, сахабалар қауымы және одан кейінгі өмір сүрген табиғиндер» буынына берілген анықтама. Ислам тарихында сахабалар мен табиғиндерді үлгі тұтып, сол көзқараста дін негізінде өмір сүрген жамағатқа «сәләфия» немесе «сәләфи солих» деген анықтама берілген. Ал «сәләфизм» ‒ сахаба мен табиғин заманындағы заңғар тұлғалардың діни санасына сай дінді ұстанамыз деген кертартпа теріс көзқарасты жақтаушылар.
Ислам дінінің алғашқы буын өкілдері ХазіретіПайғамбардың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) діни насихаттарын оң қабылдап, онымен бірге Алланың шариғатын жеткізу жолында жан аянбай тер төккен. Алланың кітабы Құран мен Хазіреті Пайғамбар (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннетін, әрі ислам мәдениетінөзінен кейінгі буынға қаз-қалпында қалдырған. Хазіреті Пайғамбардан (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жеткен хабарда бұл жамағат жайында былай делінген: «Үмметімнің ең хайырлылары ‒ әуелі, менің ғасырымдағы асхабым (сахабалар). Одан кейін ‒ олардың жолын жалғастырғандар (табиғиндер) және де олардың жолын жалғастырғандардың ізінен ергендер (әтбағу-табиғин). Бұдан кейін бір топ тобырлар келеді, олардың сөздері куәгерлікке алынбайды, берген серті де сенімді болмайды», – деген.
Міне, сол себепті жоғарыда баяндалғандай,әуелгі буын ‒ сәләфи солихтердің (ізгілердің) діни көзқарастары мен ұстанымдары ислам мәдениетінде өшпестей із қалдырған. Олардан жеткен діни хабарға құлақ асып, құп көріп мойынсыну әдептілік негізі саналған. Алайда ислам қоғамында кейбір тұлғалар мен топтар (сәләфизм) ислам дінін ұстанған алғашқы үмметтің бұл діни көзқарасы мен шариғат түсінігіне деген құрметтілікті одан әрмен әспеттеп, әдістемелік қағида негізіне айналдырған.
Аталған еңбекте ілгерідегі сәләф ғалымдарының ұстанымы мен кейінгі деструктивті діни ағымдардың жіктелуі, түрлері, тармақтары жайлы жалпы мәліметтер беріліп, олардың қалыптасуы мен пайда болу тарихы баяндалады. Сонымен қатар олардың сенімдік, фиқһтық көзқарастары мен саяси және әлеуметтік қырлары, көріністері мен сипаттары қарастырылады. Деструктивті діни ағым өкілдерінің дін мен дәстүр сабақтастығына қатысты кереғар ұстанымдарына жауап ретінде Құран мен хадис мәтіндеріндегі әдет-ғұрыпқа қатысты дәлелдер, әдет-ғұрып пен салт-дәстүрдің ислам шариғатындағы орны дәлелденіп, дін мен дәстүр сабақтастығының практикалық көріністері де баяндалды.
Елімізде соңғы жылдарда деструктивті діни ағымдар өкілдерінің қоғамға кереғар іс-әрекеттерінің алдын алу, қоғамда аталмыш деструктивті діни ағым өкілдерінің теріс идеологиясына қарсы тұра алатындай иммунитет қалыптастыру, діни ағым өкілдерінің қатарына қосылған қандастарымыз бен отандастарымызға түсіндіру жұмыстарын жасап, оларды оңалту әрі қоғамға қайта бейімдеу сынды миссиялар бойынша қарқынды жұмыстар атқарылып келуде. Атап айтар болсақ, деструктивті діни ағым өкілдерімен жұмыс жасайтын исламтанушы, дінтанушы, психолог және теолог мамандарға арналған бірнеше әдістемелік нұсқаулық еңбектер жарық көрді. Алайда қоғам күн санап өзгеріп отырады. Сол секілді күн өткен сайын қоғамда діни ағымдардың саны да артып, олардың жаңа түрлері пайда болуда. Өз кезегінде бүгінде жаңадан пайда болған деструктивті діни ағымдармен жұмыс жасау үшін,бұрын жазылған еңбектер сай келмей жатады. Сондықтан заман тудырған талаптарға, қазіргі дін мәселелерін шешуге бағытталған аталмыш еңбектің маңызы зор.
Тимур Нүсіпханұлы
«IHSAN» Ғылым және мәдениет орталығының төрағасы, Теология ғылымдарының Phd докторанты