Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті мен «Ихсан» Ғылым және мәдениет орталығы арасындағы ынтымақтастық нәтижесінде теология және дінтану мамандығының студенттері 2025 жылғы 28 қазан – 29 қараша аралығында орталықта өндірістік тәжірибеден сәтті өтті.
Тәжірибе барысында білім алушылар орталықтың ғылыми, мәдени және медиа бағыттарында жүзеге асып жатқан нақты жобаларға қатысып, дін мен қоғамға қатысты іс-шаралардың ұйымдастырылу процесімен, ақпараттық жұмыстардың жүргізілу әдістерімен терең танысты. Сонымен қатар, олар контент дайындау, медиа сауат, іс-шара менеджменті, зерттеу жұмыстары және қоғаммен байланыс салаларында тәжірибе жинақтады.
«Ихсан» Ғылым және мәдениет орталығының төрағасы Тимур Нүсіпхан бұл тәжірибенің жастардың рухани, зияткерлік және кәсіби қалыптасуына ерекше серпін беретінін атап өтті. Оның айтуынша, осындай серіктестік – елдің діни-ағартушылық кеңістігінде жаңа буын білікті мамандарды дайындауға бағытталған маңызды қадам.
Тәжірибе барысында орталықтың сарапшылары студенттерге дәріс оқып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Теориялық білімді практикалық дағдылармен ұштастыру арқылы студенттер білікті теолог болуға қажетті әдістер мен жолдарды меңгерді.
Орталық пен университет арасындағы бұл ынтымақтастық алдағы уақытта да жалғасып, еліміздің рухани-ағартушылық саласын дамытуға үлес қосуды мақсат етеді.