Осман халифатының кемеңгер тұлғасы

Үлкен ғалым және ойшыл Мұхаммед Ихсан Оғыз Рамазан айының 27-сі, һижри 1304 жылы (1887 жылы 19 маусымда) Кастамонуда дүниеге келген. Әкесінің аты – Атауллаһ, анасының аты – Хажар. Атасы Қажы Хафиз Ахмед және үлкен атасы Қажы Мехмед Кастамонуда «Кішкентай Хаттат»[1] және «Үлкен Хаттат» деп танылған. Сол себепті отбасыларына «Хататзадалар» деген. Кастамонудағы Девежи Султан және Йарабжы Хожа ауданындағы мектептерінде сауат ашқаннан кейін лицейдің бастауыш мектебін және орта мектепке дайындық бөлімін бітірген. Орта мектепті мемлекеттің маңызды мекемелері саналған Кастамону Әскери училищесінде оқыған.

Лицей деңгейінде білім беретін бұл бес жылдық әскери училищелесі сол дәуірдің ең маңызды және жүйелі мектептерінен саналған. Жоғары мектепті Кастамонудағы Зияийя медресесінде жалғастырған. Оқытушы болған жездесі, қадірлі ғалым Ахмед Зияуддин мырзадан да жеке дәріс алған.

Пошта телеграф мекемесіне кіріп, мемлекеттік қызмет атқарған. Мұнда еңбек жолын әскери қызметкер ретінде бастап, түрлі бөлімшелерде жұмыс істеп, бас дирекордың жауапты есепшісі, бас директордың орынбасары және сол уақыттарда алты ауданды қамтыған және басқарған орталығы Кастамону болған бас директорлық қызметін де сәтті атқарған. Бұл қызметтерімен қоса Кастамону Мактаб-и Султаниси лицейінің хатшылығы мен Әскери училищеде түрік тілі оқытушысы болып та қызмет қылған. Тәуелсіздік (Истикләл) соғысында да хабар алмасуға қатысты маңызды қызметтер алған, отыз үш жылдық мемлекеттік қызметінен кейін 1938 жылы 1 қаңтарда зейнетке шыққан.

Мұхаммед Ихсан Оғыз мырза өзінің еңбектері мен сұхбаттарында «Кәміл иман, пайдалы ілім, жақсы амал, көркем мінез және берік ықыластың» Ислам дінінің негіздері болғандығын және бұл жолда бұларсыз жүре алмайтындығын, Алланың жақындығына, мағрифаты мен разылығына тек осылар арқылы ғана қол жеткізе алатындығын тілге тиек еткен. Құран аяттарына және Пайғамбарымыздың хадистеріне негіздеген бұл түсінігін «Аллаға хас құл, Пайғамбарға хас үмбет» сөйлемімен түйіндеген. 

Мұхаммед Ихсан Оғыздың еңбектері негізінен көне Осман тілінде арабша жазылған, бертін келе көбі жаңа әріптерге (латын) түсіріліп жарияланған. Бұл қызметтерді де қайтыс болмастан бұрын рұқсаты алынып құрылған Мұхаммед Ихсан Оғыз қоры атқаруда.

Мұхаммед Ихсан Оғыздың шығармалары

Ғалымның діни ұстанымы Ханафи мазхабы мен сенімдік көзқарасы имам Матуридидің ақидалық мектебіне негізделген. Артына қалдырған есепсіз мұралары да осы діни ұстаным аясында жазылған.

Мұхаммед Ихсан Оғыздың жоғарыдағы жарық көрген еңбектерінен бөлек әлі басылмаған әрі латын тіліне түсірілмеген шығармалары көп. Бұл іргелі еңбектердің зерттеліп қоғам қажеттілігіне ұсынылуы үшін бүгінде Кастамону мемлекеттік Университетінің Теология факультетінде құрылған және 2018 жылғы 12 шілдеде «Ресми» газетінде нұсқауы жарияланған «Мұхаммед Ихсан Оғыз зерттеу орталығы» Мұхаммед Ихсан Оғыздың тұлғалығын танытуда және жазған құнды еңбектерін ғылыми жұмыстарында қолдануда, сондай-ақ бұл бағытта зерттеу жұмыстарын жасағысы келетіндерге мүмкіндіктер жасауда. Мұхаммед Ихсан Оғыз зерттеу орталығы мен Мұхаммед Ихсан Оғыз қоры ортақтаса теология саласындағы ғылыми жұмыстарды ынталандыру мақсатында алғаш 2019 жылы «Мұхаммед Ихсан Оғыз теологиялық зерттеу марапаттары» атты магистратура және докторантура диссертациялық жұмыстары бәйгесін өткізді, бүгінде бұл сайын жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылуда. Бір ғасырдан асқан өмірін «Аллаға хас құл және Пайғамбарға хас үмбет» болуға, осы ақиқатты ту етіп, ұстануға арнаған Мұхаммед Ихсан Оғыз мырза 1991 жылы 2 тамызда (21 Мухаррам 1412) жұмадан сенбіге қараған түні сағат 2:15-те мәңгілік өмірге аяқ басты, сағынышпен күткен Аллаға және Оның Елшісіне аттанды. Алла оны шексіз рахметіне бөлесін…

Тимур НҮСІПХАНҰЛЫ,
«IHSAN» ғылым және мәдениет орталығының төрағасы, Теология ғылымдарының Phd докторанты