Абдуррезак Әбу Ханифа Хаммад арқылы Ибраһим ән-Нахайдың былай дегенін жеткізеді: «Ораза ұстаған адам парыз намазы үшін дәрет алып жатқанда су жұтып қойса, оразасының қазасын өтемейді. Бірақ, нәпіл намаз үшін дәрет алып жатқанда жұтып қойса, оразаның қазасын өтеуі керек».
Сөздікте тыйылу мағынасында қолданылған ораза сөзі шариғат белгілеген діни парыздарды орындау ниетімен таң атқаннан күн батқанға дейін ішіп-жеу, жыныстық қатынастан тыйылу дегенді білдіреді. Алла Тағала оразаны парыз деп, Рамазан айына жеткендерге ораза ұстауды бұйырды және Мұхаммед пайғамбар өз сөздерінде оразаны Исламның бес негізіне қосқан.
Діни танымға сәйкес ораза ұстау үшін ғибадат уақытында оразаның тыйымдарынан қорғану керек. Осы тұрғыда ораза ұстаушының истиншақ кезінде су жұтып қойса оразасының қазасын өтеу керек пе, жоқ па, алынған дәрет парыз намазы үшін бе, әлде нәпіл намаз үшін бе сұрақтары, бұл мәселеде әртүрлі пікірлер тудырды. Ибн Аббас нәпіл намаз үшін дәрет алып жатып, су жұтып қойса, оның оразасы бұзылады, сондықтан қазасын өтеуі қажет болады деп айтқан, Шағби, Ибраһим ән-Нахай мен Ибн Әбу Ләйләда дәл осындай көзқараста болған. Ал Әбу Ханифа мұндай жағдайда парыз немесе нәпіл намаз болсын айырмашылығы жоқ екенін айтып, егер адам өзінің ораза екені есінде болса, оразасы бұзылып, қазасын өтеу керектігін айтқан. Негізінде Имам Ағзам Пайғамбардың (с.ғ.с.) Ләкит ибн Сәбираға айтқан «Ораза тұтпаған кезде шайқайтын судың мөлшерін көбейтіңіз» деген сөзіне негізделіп, Пайғамбарымыздың ораза кезінде ауыз бен мұрынды шаюда шектен шығуға тыйым салуын ораза ұстаушының тамағына су кірсе, ораза бұзылады деген белгі деп түсіндірген.
Көріп отырғанымыздай, Ибраһим ән-Нахай аталған мәселеде Ибн Аббастың ижтиһадына сай әрекет етсе, Әбу Ханифа бұл мәселеде сақтықпен әрекет еткен, себебі ол ғибадат орны болғандықтан және ораза ұстаушының асыра сілтеуіне болмайды деген пайғамбарлық өсиетке сүйенеді, суды жұтқан жағдайда парыз бен нәпілді ажыратпай шешім қабылдады.
«IHSAN» Ғылым және мәдениет орталығы
«ABU HANIFA JÄNE HADIS»