Тәуелсіздік – әрбір ұлттың ғасырлар бойы аңсаған асыл арманы. Қазақ халқы үшін 1991 жылы қол жеткізілген тәуелсіздік – тек саяси еркіндік емес, ұлттық сананың жаңғыруы мен тарихи әділеттің орнауы еді. Алайда, тәуелсіздік алған алғашқы жылдары мемлекетіміз үшін оңай кезең болмады. Жаңа қоғам құру жолында асығыстықтар да, тәжірибесіздіктің салдарынан кеткен олқылықтар да орын алды.
Сол кезеңде қабылданған алғашқы заңдар мен Конституцияда заман талабына сай жетілдіруді қажет ететін тұстардың болуы заңды еді. Әсіресе, дін саласында орын алған кейбір құқықтық әлсіздіктер ел ішінде түрлі келімсек, деструктивті діни топтардың белсенді әрекет етуіне мүмкіндік берді. Олар заңдағы ашықтықтарды пайдаланып, әртүрлі атаумен діни бірлестіктер құрып, қоғамның бірлігіне сызат түсіруге тырысты.
Кейіннен мемлекет бұл қауіптің алдын алу мақсатында «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңды қабылдап, аталған салаға белгілі бір шектеулер енгізді. Бұл – ел қауіпсіздігін сақтау жолындағы маңызды қадамдардың бірі болды. Дегенмен, кейбір радикалды топтар халықаралық құқық нормаларын алға тартып, өз идеологияларын жалғастыруға ұмтылды.
Тіпті, олардың кейбірі қоғамға аса қауіпті көзқарастарды тарата бастады: мемлекет заңына бағынуды күпірлік деп санау, құқық қорғау органдарында қызмет ететін адамдарды жоққа шығару, тіпті туған-туысымен байланыс орнатуды харам деп жариялау сияқты ұстанымдар жастардың санасын улады. Мұндай жалған діни түсініктер ел ішінде алауыздық тудырып, бірлігімізге сызат түсіретін факторға айналды.
Бұл үдеріс білім беру саласына да өз әсерін тигізбей қоймады. Кейбір жастар дәстүрлі білім мен ғылымнан алшақтап, радикалды идеялардың жетегінде кетті. Нәтижесінде, ұлттық құндылықтар мен зайырлы қоғам қағидаттары арасында қайшылық туындай бастады.
Осындай күрделі кезеңде мемлекет басшысы мен ел тағдырына бейжай қарамайтын зиялы қауым өкілдері бірлесіп, құқықтық негізді жетілдірудің маңыздылығын терең түсінді. Соның нәтижесінде, жаңа Конституциялық өзгерістер мен заңнамалық реформалар жүзеге асырылып, елдің болашағына бағытталған нақты қадамдар жасалды.
Жаңа Конституция – тек құқықтық құжат емес. Ол – мемлекет пен қоғам арасындағы сенім көпірі, елдің бірлігі мен тұрақтылығының кепілі. Бұл құжатта ұлттық қауіпсіздік, қоғамдық келісім, діни тұрақтылық пен азаматтық жауапкершілік мәселелері терең ескерілген.
Ең бастысы – жаңа Конституция ел ішіндегі түрлі теріс идеологияларға тосқауыл қойып, заң үстемдігін нығайтуға бағытталған. Ол әр азаматтың құқығын қорғаумен қатар, оның қоғам алдындағы міндетін де айқындайды. Бүгінгі таңда біз тек тәуелсіз елде өмір сүріп қана қоймай, сол тәуелсіздіктің баянды болуы үшін жауапкершілік арқалайтын ұрпақ екенімізді ұмытпауымыз керек. Сондықтан Ата заңымыздың мәні мен маңызын терең түсіну – әрбір саналы азаматтың парызы.
Қорытындылай келе, жаңа Конституция – өткеннің сабақтарын ескере отырып, болашаққа жасалған нық қадам. Еліміздің тұтастығы мен тұрақтылығын сақтап, келер ұрпаққа бейбіт әрі қуатты мемлекет қалдыру үшін бұл құжаттың рухын дұрыс түсініп, оны құрметтеу – баршамызға ортақ міндет.
ТИМУР НҮСІПХАНҰЛЫ
теология phd док.
«IHSAN» ғылым және мәдениет
орталығының төрғасы