Әз-Наурыз – шірк емес, шүкірдің мерекесі

Наурыз – қазақ халқының ежелден келе жатқан ұлттық мерекесі. «Наурыз» сөзі парсы тілінен «жаңа күн» деген мағына береді. Ғалымдардың пікірінше, бұл мереке көшпелі түркі жұртында зороастризмнен бұрын да болған. Мекемтас Мырзахметов «Афрасиаб» жырына сүйене отырып, көктемде «ұлыстың ұлы күні» тойланғанын айтады. Яғни, «наурыз» – термин ретінде кейін енгенімен, мазмұны түркілік дәстүрге тән.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы да «Нұх, Наурыз тарихы» еңбегінде Наурыз бен Ашураның түп-төркіні сабақтас екенін көрсетеді. Ханафи мәзһабындағы «наурызды тойлау – күпірлік» деген үкімдер мерекенің өзіне емес, зороастризмдегі отқа табыну, отты айналу, одан тазару сияқты діни рәсімдерге қатысты айтылған. Ал мұндай амалдар қазіргі қазақ қоғамында жоқ. Керісінше, тарихи деректерде сахабалардың Наурызға қарсы болмағаны айтылады. Мысалы, Әбу Ханифаның атасы Нұғман ибн Марзубан хазіреті Әлиге (р.а.) Наурыз күні «фәлузаж» тәттісін ұсынғанда, ол: «Күнде осындай наурыз әкеліп тұрыңдар» деген. Сондай-ақ сахаба Әбу Барза әл-Әсләми (р.а.) Наурызға орай берілген жемістерді жеуге рұқсат еткен.

Бұл – мерекенің өзіне тыйым болмағанын көрсетеді. Исламдағы «العرف محكم» («Әдет-ғұрып негізге алынады») қағидасына сәйкес, шариғатқа қайшы келмейтін ұлттық дәстүрлер сақталады. Бүгінгі Наурыз – дәл сондай мереке: адамдар көріседі, татуласады, бата алады, Құран оқылып, Аллаға шүкіршілік айтылады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Амалдар ниетке байланысты» деген. Біздің ниетіміз – отқа табыну емес, ұлттық құндылықты жаңғырту. Қорытынды: қазіргі Наурыз – діни емес, ұлттық мереке. Шариғатқа қайшы емес. Тек зороастризмге тән рәсімдерден аулақ болу қажет.

Ұлыстың ұлы күні құтты болсын! Ақ мол, береке көп болсын

ТИМУР НҮСІПХАНҰЛЫ
теология phd док.
«IHSAN» ғылым және мәдениет
орталығының төрғасы