Бүгінгі күні хижаб (жабыну) жайлы айтылғанда көбіне оның тек сыртқы сипаты — орамал, киім, денені жабу мәселесі көбірек алға шығады. Алайда ислам дінінде хижабтың мағынасы терең әрі жан-жақты. Бұл — тек мата мен киім емес, иманның, ұяттың, тақуалықтың, көркем мінездің көрінісі. Құран мен сүннет әйелдің денесін жабуын бұйырғанымен, бұл сыртқы әрекет ішкі жан дүниемен үйлеспесе, толық хижаб болмайды. Себебі нағыз хижаб — жүректен басталады. Хижаб — Аллаға бойұсынудың белгісі Алла Тағала Құранда былай дейді: «(Мүмін) әйелдер орамалдарын көкіректерін жауып тұратындай етіп тартсын» (Нұр сүресі, 31-аят) Бұл — Алланың әмірі. Бірақ адам баласы тек киіммен ғана Жаратушыға мойынсұнбайды. Хижаб — Аллаға деген махаббат пен бойұсынудың бір көрінісі. Сондықтан ол ішкі иман мен рухани тәрбиемен бірге болуға тиіс. Киімді жауып, жүректі ашық қалдыру — кемшілік Кейде сыртқы хижабпен жүргенімен, сөзінде дөрекілік, мінезінде қаттылық, жүрегінде кек пен тәкәппарлық болуы мүмкін. Бұл — нағыз хижабтың толық жүзеге аспағанын көрсетеді. Хижабтағы әйелдің сөзінен сыпайылық, ісінен мейірім, жүрісінен ибалылық байқалуы керек. Себебі Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген: «Шынайы мұсылман — тілімен және қолымен ешкімге зиян тигізбейтін адам» (Бухари, Мүслим) Хижаб — діни сауаттылықпен күшейеді Бүгінгі қоғамда кейде «орамал таққан қыз бәрін біледі» деген қате түсінік қалыптасады. Хижаб киген қыздың білімді, парасатты, дінді дұрыс түсінетін болуы — дініміздің талабы. Себебі иман біліммен нығаяды. Хижабты киген қыз өзін тек шариғат шеңберінде ғана емес, әлеуметтік жауапкершілігі жоғары тұлға ретінде көруі тиіс. Ол отбасының, ұлттың, үмбеттің аманатын арқалап жүрген нәзік, бірақ рухы берік жан. Хижаб — көркем мінездің айнасы Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Сендердің ең жақсыларың — мінез-құлқы ең көркемдерің», — деген. (Тирмизи) Киіммен ғана емес, күлкісімен де, сөйлеу мәнерімен де, сәлем беруімен де үлгі болатын әйел — хижабтың мәнін терең түсінген жан. Өйткені дін тек форма емес, мазмұн. Қорытынды Хижаб — бұл тек бас орау емес, бұл — жүрек орау, нәпсіні тәрбиелеу, ниетті дұрыстау. Хижаб — бұл өзге жандарға жайлылық сыйлайтын қарапайымдық. Хижаб — бұл ішкі жан тазалығы мен Аллаға шын бойұсынудың көрінісі. Хижабты қадірлейік, бірақ оны тек сыртқы бейнемен шектемейік. Жан дүниемізді де көркем хижабпен безендірейік — иманмен, біліммен, әдеппен, сабырмен, мейіріммен.
Тимур Нүсіпханұлы
“İHSAN” ғылым және мәдениет орталығының төрағасы. Phd док. РАТТ мүшесі