ИСЛАМ НЕГІЗДЕРІ МЕН МҰСЫЛМАН МІНДЕТТЕРІ

Исламның негізін қалаған бес негіз бар.

Олар:

1. Шәһада айту, яғни (жүрекпен сеніп) тілмен «Әшһәду әл лә иләһә иллаллаһу уә әшһәду әннә мұхаммәдән абдуһу уә расулуһ» деп айту. Мағынасы: «Куәлік етемін: Барша кемшіліктен пәк Алладан басқа тәңір жоқ екендігіне және Мұхаммед Алланың құлы әрі елшісі екендігіне куәлік етемін»;

2. Күнделікті бес уақыт намаз оқу;

3. Әр жыл сайын (дәулетті адам болса) зекет беру;

4. Рамазанда ораза ұстау;

5. Өмірінде бір рет (шамасы жетсе) қажылыққа бару.

Исламның негізін қалаған бес негіздің біріншісі иман мен сенімге қатысты. Яғни ол жасауға болатын немесе болмайтын нәрсе емес, сенімге қатысты нәрселер. Ислам сенімінің негізі – Аллаға, періштелеріне, кітаптарына, елшілеріне, ақырет күніне, барлық жақсылық пен жамандықтың Алланың қалауымен болатынына сену.

Иман кемелдікке қалған төртеуімен бірге жетеді. Осы төртеуінің бірі – діннің тірегі болған намаз ‒ қалған үшеуінің ең қайырлысы. Барлық білім ‒ мұсылмандарға парыз. Зекет, ораза және қажылық белгілі бір шарттарды орындағандарға (мәселен, дәулет, денсаулық, т.б.) парыз болады. Ізгілік дәрежесі жоғарыда көрсетілген ретпен орналасады.

Алланың бірлігіне және Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) пайғамбарлығына куәлік етпеген адам ешқашан мұсылман бола алмайды. Бірақ намаз оқымайтын, ораза ұстамайтын, зекет бермейтін, қажылық жасамайтындар мұсылман саналғанымен, сенімдері мықты емес, себебі оның іргетасы шіріген.

Мұсылман міндеттері

Мүкәлләфтардың атқарған іс-әрекеттері аф’алун мукаллифин деп аталады. Мүкәлләф (балиғат жасына толған) ‒ шариғат ұсынған тыйымдар мен бұйрықтарды орындайтын мұсылман (еркек немесе әйел). Ақыл-есі дұрыс болу: Сөзімен де, ісімен де бағыт-бағдар бере алатын адам. Ондай болмаса, ақылсыз деп айтылады. Балиғат жасы (балиғ): балалық шақты тастап, кәмелет жасқа толған еркек немесе әйел. Булуғ (балиғат): Ер балада 12-15 жас аралығында, қыз балада 9-15 жас аралығында болады. Осы уақытта дейінгі бала балиғат жасына толмағандар (мурахик – мурахика) деп аталады. Олар он бес жасында кәмелетке толған болып есептеледі. Шариғаттың бұйрықтары мен тыйымдарына жынды адам мен бала жауап бермейді.

Ислам діні өзінің барлық иләһи ұстанымдарында ақылға жүгінеді. Ақыл-есі толық емес адамның діні де жоқ. Діни үкімдер мен тыйымдардан туындайтын ұғымды үкім деп атайды. Шариғат ережелерін тақлифи үкім деп те атауға болады. Ақылдың түсіндірмесі төменде болады. Мүкәлләфтардың әрекеттерін реттейтін ережелер 8 бөлікке бөлінген. Демек әмірлер мен тыйымдарға жауапты адамдардың амалдары «парыз, уәжіп, сүннет, мұстахаб, мүбаһ немесе харам, мәкрүһ, муфсид» болып бөлінеді.

1. Парыз. Ол – істелінуі тиіс және істемеуге тыйым салынған амал, яғни нақты, бұлтартпас дәлелдермен келтірілген. Парыздың 2 түрі бар. Бірі ‒ парыз айн, яғни әрбір мукәлләф үшін парыз. Мысалы, дәрет алу, намаз оқу сынды. Екіншісі ‒ парыз кифая, орындалуы міндетті, мукәлләфтардан бірнеше кісі жасаса, басқаларының мойнынан түседі. Мысалы, жаназа намазы.

2. Уәжіп. Жасалуы тиіс, істемеуге тыйым салынған әрекет және бұл (зонни – күмәнді) дәлелдермен анықталған. Мысалы, үтір уәжіп намазы, айт намазы.

3. Сүннет. Жасалуы құптарлық және жасалмауына тыйым салынбаған, алайда себепсіз жасамауға тыйым салынған амал. Сүннеттің түрлері: сүннет муәккада (бекітілген) және ғайри муәккад (бекітілмеген). Мұхаммед пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) көбіне орындаған (парыз еместігін білдіру үшін) және кейде олардан бас тартқан сүннеттер сүннет муәккада деп аталады, ал оның сирек орындаған амалдары сүннет ғайри муәккада деп аталады.

4. Мұстахаб. Істелгені жақсы, істелмесе күнә болмайтын, себепсіз жасалмауы ұнамсыз болған амалдар. Мұстахабқа мандуб, нәпіл құлшылықтар, сүннетке сай амал ету кіреді. Ескертпе! Сүннет дегеніміз – даңғыл жол іспеттес. Ал мұстахаб ‒ жақсы көрілген жол. Істеген жан мақтауларға ие болады. Мысалы, кедейлерге садақа беру сынды амалдар. Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әдеттері де үздіксіз жасалса, мұстахаб болып табылады. Мысалы, әр нәрсені оң жақтан бастау сынды.

5. Мүбаһ. Бұл жасалуы да, жасалмауы да ерікті болған амал, яғни ықтиярлы амал. Отыру, тұру, ішіп-жеу сияқты.

6. Харам. Нақты, күмәнсіз дәлелдер арқылы келтірілген істеуге болмайтын, тыйым салынған амалдар. Мүлік ұрлау, ата-анаға бағынбау сияқты. Парыз амалдарды орындаудан бас тарту харам болса, харам болған амалдардан бас тарту ‒ парыз.

7. Мәкрүһ. Бұл ‒ жасалмауы керек әрекет. Мәкрүһтің екі түрі бар. Бірі – мәкрүһ тахриман, екіншісі – мәкруһ тәнзиһан. Мәкруһ тахриман болған әрекетке тыйым салынғанымен, ол күмәнді дәлелдер арқылы белгілі болған. Мәкрүһ тәнзиһанды жасауға тыйым салынбайды. Уәжіп амалды жасамау ‒ мәкрүһ тахриман, ал мәкруһ тахриман болған істі жасамау ‒ уәжіп. Сүннет пен уәжіп болған істерді істемеу – тәнзиһан мәкрүһ, ал тәнзиһан мәкрүһті жасамау – сүннет әрі мұстахаб амал. Бұлай бөліну себебі деңгейлердің бірдей болмауына байланысты. Мысалы, күн батып бара жатқанда намаз оқу – мәкрүһ тахриман болса, оң қолмен мұрынды сүрту – мәкрүһ тәнзиһан.

8. Муфсид. Басталып кеткен әрекетті бұзатын амал. Намаз, ораза үшін қолданылады. Мысалға намаз кезінде сөйлесу; ораза кезінде әдейі ішіп-жеу; дәрет алған кезде бір жерден қан кету сияқты әрекеттер жатады. Егер бір амалдың шарттары мен ережелері орындалса, ол амал дұрыс, ал олай болмаған жағдайда ол жарамсыз болып табылады. Мұсылманның амал-әрекеті. Әрбір жауапты момын мұсылман осыларды біліп, өз іс-әрекетін сәтіне қарай атқарып, ұйымдастыруы қажет. Өйткені жауапкершілік жүктелген мұысылманның ақыретте сауап алуы немесе жазалануы осы амалдарға байланысты……

Толығырақ «Ислам ғылымхалы» кітабында.
«IHSAN» Ғылым және мәдениет орталығынан жарық көрген «Ислам ғылымхалы»