Соңғы уақытта Ақтөбе қаласындағы мешіт ауласында орын алған оқиға қоғамда қызу талқыланып жатыр. Әлеуметтік желілерде әртүрлі пікірлер айтылып, дін атын жамылған кейбір азаматтардың әрекеттері мұсылман қауымының көңіліне қаяу түсірді.
Ислам – тек сенім емес, өмір сүру мәдениеті. Бұл дін адам баласын ең алдымен көркем мінезге, сабырлылық пен сыпайылыққа тәрбиелейді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне сенсе, жақсы сөз айтсын немесе үндемесін» – деп, әр сөзімізге де жауапты екенімізді ескерткен.
Әйелге құрмет – дін талабы. Ислам шариғатында әйел затына ерекше құрметпен қарау – ер адамның міндеті. Жаратқан Иеміз Құранда былай дейді:
«Олармен (әйелдермен) жақсы қарым-қатынаста болыңдар…» (Ниса сүресі, 19-аят).
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) да:
«Сендердің ең жақсыларың – әйелдеріне жақсы қарағандарың» – деген.
Олай болса, мешіт маңында болсын, басқа ортада болсын, әйел адамға орынсыз сөз айту, тіпті насихаттың атын жамылып тіл тигізу – мұсылмандыққа жат іс.
Дін – дау емес, тәрбие құралы. Дін адамды түзету үшін келген. Бірақ оны дөрекілікпен емес, көркем уағызбен жеткізу міндет. Алла Тағала Мұса пайғамбарға перғауынға барып, ақиқатты қалай айту керектігін үйреткенде:
«Оған жұмсақ сөз сөйлеңдер…» (Таһа сүресі, 44-аят) – деп бұйырған.
Бүгінгі таңда қоғам дінге емес, діннің атын жамылып жүріп, көркем мінезге қайшы әрекет ететін кейбір жандардан шошып отыр. Бұл – үлкен қауіп. Себебі мұндай мінездер Исламның шынайы бейнесін бұрмалап көрсетеді.
Сабыр мен парасат – мұсылманның қаруы. ҚМДБ өз мәлімдемесінде әділеттілік пен әдептілікке үндеп отыр. Бұл – дінбасылықтың дұрыс бағыты. Себебі дін қай жерде де тұрақтылық пен сабырды, бейбіт өмірді көздейді.
Мұсылман – дүрлікпейтін, дерегіне көз жеткізбей әрекет етпейтін, парасатпен шешім қабылдайтын тұлға.
Қорытынды
Біз барша жамағатты – әсіресе жастарды – Исламның көркем әдебін ұстануға, әр сөз бен әрекетке жауапкершілікпен қарауға шақырамыз. Дін – тек мешітте емес, күнделікті өміріміздің айнасы болуы керек. Ал ол айнадан өзгелер көркем мінезді, сабырлы, ізетті мұсылманды көргені жөн.
Тимур Нүсіпханұлы
“İHSAN ” ғылым және мәдениет
орталығының төрағасы. РАТТ мүшесі.