ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КІТАП СЫЙЛАУ КҮНІ: НҰР-МҮБАРАК КІТАПХАНАСЫНА «IHSAN» БАСПАСЫНЫҢ ЕҢБЕКТЕРІ ТАБЫСТАЛДЫ

     14 ақпан – Халықаралық кітап сыйлау күні аясында Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің кітапханасына «İHSAN» ғылым және мәдениет орталығы тарапынан жарық көрген, дерадикализация және діни экстремизмнің алдын алу саласына арналған бірқатар құнды еңбектер салтанатты түрде сыйға тартылды.

    Аталған еңбектер – қазіргі қоғам үшін аса өзекті саналатын радикалды діни идеологиялардың алдын алу, дәстүрлі діни танымды нығайту, жастардың діни сауатын арттыру және ғылыми негізделген түсіндіру жұмыстарын жетілдіруге бағытталған маңызды басылымдар. Бұл кітаптар студенттерге, магистранттар мен докторанттарға, сондай-ақ дінтанушы мамандарға тәжірибелік әрі теориялық тұрғыдан үлкен қолдау болмақ.

    Сыйға тартылған кітаптар – «İHSAN» орталығының ғылыми-зерттеу және баспа саласындағы жүйелі еңбегінің жемісі. Олар ұлттық қауіпсіздік, қоғамдық тұрақтылық және рухани кемелдену бағытындағы жұмыстарға серпін береді деп күтілуде. Университет кітапханасының басшылығы көрсетілген қолдау үшін шынайы ризашылығын білдіріп, бұл бастаманың білім мен ғылымды қолдаудағы игі дәстүрге айналатынына сенім білдірді.

   Сонымен қатар, аталған еңбектердің студенттердің ғылыми ізденісіне, дұрыс діни ұстаным қалыптастыруына және дерадикализация бағытындағы зерттеулерге елеулі үлес қосатынын атап өтті.