Бараат түні – Шағбан айының он бесінші түні. Айша анамыздың (одан Алла разы болсын) риуаят етуінше, Пайғамбарымыз ﷺ бұл түні Алла Тағаланың құлдарына ерекше мейіріммен қарайтынын айтқан. Кешірім тілегендердің күнәлары кешіріліп, мейірім сұрағандарға рақымы төгіледі. Алайда жүрегінде өшпенділік пен зұлымдық сақтаған жандар тәубе етпейінше, бұл иләһи мейірімнен мақұрым қалады.
Сондай-ақ осы түні адамдардың бір жыл ішіндегі тағдырлық істері белгіленеді: кімнің дүниеге келетіні, кімнің өмірден өтетіні жазылады, амалдар көтеріледі, ризық-несібелер айқындалады. Алла Тағала біреудің дәрежесін көтеріп, біреуді төмендетеді, біреуге рақымын жаудырып, біреуді одан алыстатады. Сондықтан Бараат түнін құлшылықпен өткізу – мұстахаб амал.
Пайғамбарымыз ﷺ былай дейді:
«Шағбан айының ортасы келгенде, түнін құлшылықпен өткізіңдер, ал күндізін ораза ұстаңдар».
Тағы бір хадисте:
«Кімде-кім Бараат түнінде жүз рәкағат намаз оқыса, Алла Тағала оған жүз періште жібереді. Олардың отызы жәннатпен сүйіншілейді, отызы тозақ азабынан аман екенін жеткізеді, отызы дүниелік бәле-жаладан қорғайды, ал он періште шайтанның тұзағынан сақтайды», – делінген.
Сондай-ақ ардақты Пайғамбарымыз ﷺ:
«Кім мына бес түнді құлшылықпен өткізсе, оған жәннат уәжіп болады: Тәруия түні, Арафа түні, Құрбан айт түні, Ораза айт түні және Шағбан айының он бесінші түні», – деген.