İHSAN ғылым және мәдениет орталығының төрағасы теолог Тимур Нүсіпхан Түркия елінің астанасы Анкарада өтіп жатқан Халықаралық 4-Мауреннахр семинарына Қазақстан атынан қатысуда. Мауреннахр – “Өзеннің арғы жағы” деген мағынада, өйткені бұл атауды алғаш қолданған арабтар Әмудария өзенінің оңтүстік жағалауынан қарады. Яғни, өзеннің арғы жағындағы ислам өркениетінің даласы дегенді білдіреді.
Қысқаша айтқанда, Мауреннахр – Орта Азияның ислам ғылымы мен өркениетінің алтын бесігі болған тарихи аймақ. Мауреннахрға арналған халықаралық семинарлар сериясының ортақ мақсаты — Орта Азия (әсіресе Мауреннахр аймағы) аумағында қалыптасқан ислам өркениеті, ғылыми-философиялық дәстүрлер және мәдени мұраларды зерттеп, оларды қазіргі заманмен сабақтастыру. Халықаралық «Мауреннахр» семинарында жастарды адасудан қорғау және олардың білім мен мәдени диалогқа белсенді қатысуының әлемдік тыныштыққа қосар үлесі басты назарда болды.