Аналар жүкті болғаннан кейін көптеген қолайсыздықтар мен қиындықтарды басынан өткереді: жүктілікке байланысты денсаулығы нашарлайды, кейбір тағамдардан жеріп кетеді. Иістерді көтере алмай, жүректері көтеріліп құсады, тәбеті бұзылып, аштан-аш жүретін кездері де болады. Олар ұйқыдан айырылады. Жұмыс істей алмайды, отырып-тұруға да шамалары болмайды. Уақыт өте келе олар толысып, дене бітімдері өзгереді. Осыған байланысты өздерін жайсыз сезінеді, ұялады, барлығынан жалығады. Босанатын мерзім жақындаған сайын бұл жағдайлар артып, ыңғайсыздық күшейе түседі.
Ақырында, тоғыз ай он күн толғаннан кейін, кенеттен толғақ басталып, босану қатты ауырсынудан туған ащы айғаймен жалғасады. Әлі құрып, көп қан жоғалтып, шаршағандықтан, төсекке сұласынан түседі. Босанып жатқан әйел әлсірегені сонша, оны көргендер өлді деп ойлайды. Бірақ ол өлген жоқ. Оның бар көңілі жаңа туған сәбиінде болады. Баласын кеудесіне қойған сәтте, ол бірден есін жиып, жүзін баласына бұрады. Анасы сәбиіне махаббат-мейірім көздерімен қарап, жүрегі орнына түседі. Ол тоғыз айда басынан өткерген қиыншылықтары мен босану кезінде көрген азабын бір сәтте ұмытып кетеді. Анасы баласын емізіп, оған өмір сыйлауға тырысады, осыдан ләззат алады. Ендігі жерде ұрпағын өсіріп, тұлға етіп тәрбиелеу үшін, күндіз-түні ұйқы мен тыныштықтан бас тартып, анадан басқа ешкім көтере алмайтын құрбандықтарға барады.
Жаңа туған нәресте түні бойы 5-10 рет оянып, жылайды, мазасызданады, ал анасы әр сәт сайын оянып, баласын емізіп, тәтті ұйқыға жібереді. Күндіз-түні 10-15 рет үсті-басын, жаялығын, жөргегін ластайды, оны да анасы тазалайды. Бала кейде суық тиіп немесе іші өтіп, ауырып қалады. Мейірімді ана баласын емдейді, уайымдайды, әркез қасынан табылады. Ұзақ жылдар бойы үздіксіз жалғасып келе жатқан бұл қиыншылықтарға тек аналар ғана шыдамдылық танытып, еш наразылықсыз әр сәтке қуаныш көзімен, сүйіспеншілікпен қарайды. Мұндай мейірімге толы, жанқиярлық қасиетке тек аналардан басқа ешкімнің шыдауы мүмкін емес.
Бұның бәрі ‒ әлемдердің Иесі Алла Тағаланың мейірімі, рахымы мен сүйіспеншілігі, қамқорлығының белгілері. Бұл сипаттар құлдарының бойынан көрініс табады. Алла Тағала жүректерге осы мейірім мен махаббат сезімін бермесе, адамдардың жүректері қатайып, қатігездікпен жойылып, жер бетінде ешкім қалмас еді. Алайда Алланы танып, түсініп, бірлігіне иман келтіргендердің, құлшылық етіп, адал қызмет атқарғандардың қияметке дейін жер бетінде қалуы, адамзат баласының ғұмырының ғасырдан-ғасырға жалғасуы ‒ Алланың қалауы. Сол себепті бұл мейірім, махаббат және қамқорлық сезімдері жүректерде өшпейді және қиямет күніне дейін жалғасады.
Дәл осындай жағдай басқа тіршілік иелерінің бойында олардың әртүрлі жаратылысына байланысты қалыптасады. Егер бұл иләһи құдірет орын алмаса, басқа да жаратылыстар жойылып, бүгінге дейін тіршілік ете алмас еді. Адамдардың қажеттіліктері үшін басқа тіршілік иелері де өмір сүруін жалғастыруы керек. Өйткені адам – жаратылғандардың ең кемелі және жер бетіндегі Алланың орынбасары. Бұл уақытша әлем адамдардың игілігі үшін жаратылған.
Бала өскен сайын оны тәрбиелеудің қиындығы артады: оны оқыту, мамандық алу, жұмысқа орналасу, отбасын құру сияқты өмірдің маңызды кезеңдері бірінен соң бірі жалғасады. Дүниеге келгеннен бастап, мектеп кезіне дейінгі жауапкершілік аналарға артылған.
Келесі кезеңнен бастап, жауапкершілік анадан әкеге ауыса бастайды. Енді әкелер үлкен жауапкершілікпен қиындықтарға төтеп беруге міндетті
Аналар да, әкелер де өле-өлгенше ұрпағынан ешнәрсені аямай, өздерін екінші орынға қойып, балаларын бақытқа кенелту үшін барын салады. Ақырында ата-анасы қартайып, әлсіреп, өмірлерінің соңғы сәттерін өткеріп, Алланың әмірімен бұл дүниені тастап кете барады. Қорыта айтқанда, бұл – пенде толық түсіне алмайтын, адам өмірінің сәбилік кезеңнен ‒ жастық шаққа, жастық шақтан ‒ кәрілікке, бұ дүниеден о дүниеге ауысатын иләһи заңдылығы.
«IHSAN» Ғылым және мәдениет орталығы
«ATA-ANA AQYSY»