ЕРЛАН АҚАТАЕВ
ҚМДБ Сарапшылар кеңесінің мүшесі,
Нұр-Мүбәрак Египет ислам мәдениеті университетінің аға оқытушысы
Қадірлі оқырман!
Аллаға сансыз мақтаулар болсын, біз бүгін ата-бабамыз қаншалаған жылдар бойы аңсап, алдыңғы көштің уайым мен жігерлі еңбектері арқылы, дұғалары себепті, қол жеткізген тәуелсіздік дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Отыз жылдан асқан уақыт ішінде санамыздан сөніп қала жаздаған ақиқаттар қайта алаулап, ұмыттыруға тырысқан тарихи санамыз, ұлттық діңіміз, рухани құндылықтарымыз қайта жаңғыру үстінде. Қазақ елінің ғасырлар бойы ұстанып келген мұсылмандық асыл діні мен оның данагөй мақсаттарымен үйлесім тапқан ғұрпымыз бен салт-дәстүріміз өз өміршеңдігімен өміріміздің күллі қырына қайта араласып, өзінің маңыздылығы мен қажеттілігіне көзімізді жеткізіп, еліміздің бүгінін де, болашағын да Алланың тура жолынан басқа жолдарға қимайтынын білдіріп отыр.
Әр мұсылман қазақ өзіне Алласынан берілген өмірін – маңызды капиталы, баға жетпес мал басы екенін, сондай-ақ мерзімі жетіп, өлімнің дәмін татып, күндердің бірінде Алласына жан таспыратынын һәм ақирет жұртының мәңгі өміріне көшкелі тұрғанын да жақсы ұғынады. Дүниеге келуі, мерзімі жеткенше өмір сүруі, өмірден озуы һәм өлімнен кейін қайта тіріліп, ақырет алаңында Алласымен жолығуы – бұл күллі адамзаттың еркінен тыс орындалатын, мұсылман қазақ шәксіз сенетін ақиқаттар. Сондағы таңдау еркі – осы өмір мен өлім арасын не ақиқат талабына сай туралап, өмір мен еңбекті табысты ету, не ақиқат талабынан мүлт кетіп, бүкіл өмір мен еңбекті зая ету. Өлімнен кейін қайта тіріліп, Алламен жолығу ақиқат болғандықтан, енді әркім өз өмірін, өз бойындағы қабілеттерді, айналасындағы жаратылыстар мен нығметтерді, күллі құралдарын қай жолға салады – міне, осы емтихан заңдылығынан ешбір қазақ та, қазақ емес те құтыла алмайды. Жүрегі тірі мұсылман қазақ дүние тіршілігі мен ақыретінің қос бақыты салиқалы да салауатты өмір сүру жолына тәуелді екенін, Алласымен жолығатын күні күллі ғұмыры жайында толық сұралғалы тұрғанын уайым қылады.
Дана да ақылды саудагер өз капиталын дұрыс пайдалануы үшін, өзінен тәжірибесі мен іскерлігі артығырақ тұрған білікті саудагердің даналығы мен біліміне жүгініп ақылдасатыны һәм бұл ісінде соны өнеге тұтатыны баршаға мәлім. Және әркім осылай істеудің дұрыс екендігін жақсы біледі. Олай болса, Алласымен жолығатындығына нақты сенетін, дүниесі мен ақыретінде Оның разылығы мен сауабын шын көздеген мұсылман қазақ өзінің өмірін, ғұмыр капиталын заяға өткізуден абайлап, Раббысы сыйлаған күллі қабілеттері мен сезімдерін, нығметтері мен құралдарын босқа ысырап қылудан сақтанып, дұрыс пайдалануды қам қылады. Міне, осы орында, күллі адамзат тарихында өте биік орын алып тұрған, адамзаттың ең хайырлысы, пайғамбарлардың мөрі, Раббысы ғұмырына толық разы болған, Алланың ең сүйікті құлы, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмір сүру жолының үлгі тұтылып, басшылыққа алынуы – ең табысты таңдау. Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмірі туралы жан-жақты жазылған керемет еңбектер бар. Олар осы салада ізденуші оқырмандарға мәлім. Пайғамбарымыздың өміріне жіте мән беріп, оның қыр-сырларын ұғына әрі ұқтыра білген, түрлі ғалымдардың еңбектерінен оқып тоқыған, естіп ұғынған мәліметтерінен кітап жинақтап ұсынушылар қазақ жастары арасынан да табылуы бізді қуантады. Бұл салада жазылған көп еңбектердің алдына озуды емес, соңына ілесуді ғана қанағат тұтқан Тимур мен Ринаттың бұл кітабы ықыласты бір оқырманын тауып жатса, ардақты пайғамбарының дін жолындағы ерен еңбегімен тағы бір қырынан танысып, оған деген құрметі мен сүйіспеншілігі артып жатса, сөйтіп екеуі де әр оқырманның бір салиқалы дұғасына иеленіп жатса, мұраттары – осы!
Дүние тіршілігінің де, ақыреттің де бақытын, зор табысын көздеген жан болса, бұған Алла деп ауыз ғана сөйлейтін, нәпсіден бой асыра алмайтын, өңі кетіп ескірген иман жол бастай алмайды. Қайта нәпсінің құлдығынан, құлдық сана мен білімсіздіктен құтыла білген, құлдық сананың барлық көріністерінен әрі азаттанып, әрі тазарып, нұр үстіне нұр жинаған сана тазалығы (шынайы иман) мен жан тазалығы (тақуалық) ғана баянды, мәңгі бақытқа жетелей алады. Ардақты Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Алласы тарапынан күллі адамзатқа елші етіп, Қасиетті Құранмен жіберілуі – сана мен нәпсіні қатар билеген жалған пікірлерден, қате нанымдардан, күнә-қылмыстардан, сүйкімсіз қылықтардан азат етіп, Алланың хақ сөзіне сай имандылық пен тақуалыққа негізделген рухани тәуелсіздікті ұсыну. Алла Тағала мен елшісінің бұндай ғажап ұсынысы, әмбебап жолдауы бізге дейін осы ұлы далада дәурен құрған салиқалы қазақ аталарымыз тарапынан ләббай тауып, мұсылман қазақ болып жасағаны тарихтан мәлім. Алланың жолдауы өздеріне көптеген елдерден кейінірек келсе де, ақиқатқа деген имандарының күштілігі «әл-Мисақтан бері мұсылманбыз!» деген сенімдерінен байқалады. Кеңестік идеология осы иләһи сананы жоюда қанша тауқымет әкелсе де, жүрекке Алла жаққан иман отын өшіру мүмкін еместігін, заманы бізге ең жақын Мұқағали (Мұхаммедқали) Сүлейменұлы ағамыздың «Бірігіңдер, әлемнің мұсылманы!» атты өлеңінен аңғара аламыз:
Қаймағы бұзылмаған қайран дінім,
Қаймағың быт-шыт болды қайдан бүгін?!
Құбылаға бет алып қол қусырып,
Сәждеге жығылатын қайда күнім?
Сатпаймын, сатқан емен дінімді мен,
Өлмейтін, өшпейтұғын күнім білем.
Таппайтын күнде тыным, түнде тыным,
Мұсылман Мұхаммедтің үмбетімін.
Мұхаммедтің үмметі мұсылманмын,
Пайғамбарым қолдайды қысылған күн.
Алсын тағалам ант етем, ант етемін,
Алла есімін жүректен ұшырған күн
Бәрі рас айтқанының Ақ Алламның,
Құмменен топырақтан жаралғанмын.
Құдайдың құлымын мен – мұсылманмын,
Денемде түйірі жоқ арам қанның,
Ақиқатын аңсаймын ақ арманның…
Қос автор бұл еңбекте Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) һәм асыл дініміздің алғашқы қазақ көшінен нақыл болған бәзбір ой-пікірлерін қажетті деп таныған орындарда келтіріп, қазақ ой-санасы мен мұсылмандық руханияттың бір-бірімен біте қайнасқан біртұтас жол екенін аңғартуды жөн көрген. Демек, алдыңғы тәуелсіз қазақ көші соңғы пайғамбарға иман етіп, Алланың жолдауын басшылыққа алған жолмен жүрсе, қаншалаған тауқыметті жылдарға созылған мәжбүрлі кеңестік кезеңдерінен кейін, салиқалы аталарымыздың көшінен адасып қала жаздаған ізімізді қайта тауып, алаштың асыл алыптары құрбан болған идеяны әрі қарай жалғап, орасан зор зардап шеккен мәдениет, тарих, тіл, діл, дін мәселелері өз жанашыр ғалымдары мен мамандарының қамқорлығына алынып, қайтадан қалпына келтіріліп жатқан, одан әрі жан-жақты дүнияуи дамуға да, рухани жаңғыруға да мүмкіндік алып отырған бақытты жайымыз бар. Һәм кешегі әрі бүгінгі тарихи тұлғаларымыз үндеп жатқан тәуелсіздік, елдігімізді сақтау, ел мүддесін жеке мүддеден биік қою, мықты мемлекет, әділетті Қазақстан, бірлік, дін мен дәстүр, ұлттық құндылықтар, адал азамат, адал еңбек, адал табыс, келер ұрпаққа үлгі болу секілді құндылықтар – Пайғамбарымыз әкелген асыл дініміздің мақсаттарымен үндесіп жатқан дүниелер.
Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмірін сөйлеген кітаптардың тағы бір үлгісі ретінде ұсынылып отырған бұл еңбектен оқырман жер бетіндегі күллі адамзатқа әлемдердің Раббысының жолдауымен жіберілген соңғы пайғамбардың өмір жолымен тағы бір таныса алады. Оның Жаратушы (Холиқ) мен жаратылыс (халық) арасындағы тәртіпті Құран тәлімі арқылы жөнге келтіруі, тура жол тәртібінен түбегейлі ауытқып кеткен халықты керемет салиқалыққа түзету жолындағы жігерлі еңбегі, халықты тура жолға келтіру мүддесін өз мүддесінен жоғары қоюы, сол үшін халықтан ешқандай сыйақы да, алғыс та сұрамауы, өзіндегі дүние-малды халыққа таратуы, он үш жылға созылған әлсіз кезеңдегі тауқыметтерге төзімділігі, Алладан басқаға сыр білдірмеуі, он жылға созылған үстем кезеңдегі кеңшілігі мен әділдігі, тау тұлғалы өнегелігі, ұлы мінездігі, парасаттылығы мен мейірімділігі, кемелдігі онымен танысуды қажет көрген адамдар үшін мәңгі әрі тегін тағылым болып жалғаса береді. Алла Тағала оның өмірінде орындалған игіліктер мен берекелердің біздің халқымыздың өміріне молынан жұғысуын нәсіп етсін!
Ерлан Ақатаев
ҚМДБ Сарапшылар кеңесінің мүшесі,
Нұр-Мүбәрак Египет ислам мәдениеті университетінің аға оқытушысы